13 адам қаза тапқан Almaty Hostel-дегі өртке байланысты екі адамға сот үкімі шықты

Almaty Hostel ғимаратында шыққан өрт салдарынан 13 адам мерт болды. Алматы, 30 қараша, 2023 жыл.

Алматының Алмалы аудандық соты қаладағы Almaty Hostel ғимаратында 2023 жылы күзде өрт салдарынан мерт болған 13 адамның ісі бойынша екі айыпталушы – ALA Hostel директоры Әділбек Мұхамедияров пен "Гидсервис" компаниясының иесі Александр Пекельникқа үкім шығарды, деп хабарлады бүгін ҚазАқпарат агенттігі.

Мұхамедияровқа Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі бойынша (өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне себеп болу) айып тағылды. Пекельникке де дәл осындай айып тағылған еді, бірақ сот барысында мемлекеттік айыптаушы ол бапты Қылмыстық кодекстің 306-бабынның 3-бөлігіне (тұтынушылардың өмірі немесе денсаулығы қауіпсіздігіне сай келмейтін жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету салдарынан абайсызда адам өліміне себеп болу) ауыстырды.

Сот Әділбек Мұхамедияровты кінәлі деп танып, бес жылға бостандығынан айыруға үкім шығарды, ол жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеде (қоныс колониясы) өтейді. Үкім жария болғаннан кейін Мұхамедияров сот залында қамауға алынды.

Жаза өтеу мерзімі үкім заңды күшіне енген сәттен бастап есептеледі. Сот Мұхамедияровтың 2023 жылғы 30 қарашадан 2025 жылғы 13 наурызға дейінгі тергеу абақтысында отырған әр күні жаза мерзімінің 2 күніне, ал 2025 жылғы 13 наурыздан 9 шілдеге дейін үйқамақта болған әр 2 күн жаза мерзімінің 1 күні ретінде есептелетінін хабарлады.

Сот хостелге өртке қарсы дабыл орнатуға жауапты Александр Пекельникті де айыпты деп танып, оны төрт жылға бостандығынан айырып, жазасын қоныс колониясында өтейді деп үкім шығарды. Сот Пекельникке қатысты бұлтартпау шарасын өзгертіп, ел аумағынан кетпейтіні жайлы берген қолхаттың орнына тұтқындау шарасын қолданды. Оның жаза өтеу мерзімі 2025 жылғы 9 шілдеден бастап үкім заңды күшіне енгенге дейін, қамауда болған әр күні жаза мерзімінің 2 күніне теңестіріліп есептеледі.

Бұған қоса сот екі айыпталушыдан жәбірленушілердің пайдасына моральдық зиян үшін өтемақы өндіріп алу туралы шешім қабылдады.

Әділбек Мұхамедияров К., В., А., А., А. және К. есімді жәбірленушілердің әрқайсына 7 миллион теңгеден, С. есімді жәбірленушіге – 6 миллион теңге; В. есімді жәбірленушіге – 1,5 миллион теңге көлемінде, жиынтығы 49,5 миллион теңге төлеуге тиіс.

Сот Александр Пекельникті А., А. және А. есімді үш жәбірленушінің әрқайсысына 7 миллион теңгеден төлеуді міндеттеді.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Your browser doesn’t support HTML5

"Кінәлілер жазасын алсын!" Алматыда өрттен қаза тапқан жігітті ақтық сапарға шығарып салды

2023 жылғы 30 қараша күні таңертең, Алматы қаласының орталығындағы хостелде шыққан өрт салдарынан 13 адам қаза тапты. Билік органдары қаза тапқандардың тоғызы – Қазақстанның, екеуі – Ресейдің және екеуі – Өзбекстанның азаматтары деп хабарлады.

Алдын ала дерек бойынша, өрт шыққанда хостелде 72 адам болған, оның 59-ы хостелден өз бетімен шығып үлгерген. Төтенше жағдайлар министрлігі "мемлекеттік органдар хостелдің жұмыс істеп жатқанынан хабарсыз болғанын" мәлімдеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Терезе де, желдеткіш те болмады". Алматыдағы хостелден шыққан өрттің куәгерлері не дейді?