CBS: Трамп Украинаға көмек көрсету мүмкіндігін қарастырып жатыр

Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп қызметіне кіріскелі бері алғаш рет Украинаға әскери қолдау көрсету мүмкіндігін қарастырып жатыр деп жазды дереккөздерге сүйенген CBS News.

Басылымның жазуынша, бұл Ресейге "сигнал жіберу" мақсатында жасалған да болуы мүмкін. Осы аптада Ресей бір түнде Украинаға 7 қанатты зымыран мен алты "Кинжал" аэробаллистикалық ракета, 728 дрон ұшырып, соғыс басталғалы бері ең ірі шабуылын жасаған.

Украинаға жаңа көмек қайдан алынатыны белгісіз, бірақ CBS News дереккөзінің сөзінше, Трамптың Джо Байден әкімшілігінен қалған 3,85 млрд долларды Украинаға бөлуге өкілеті бар. Бұл қаражат Украинаға америкалық әскери техниканы жіберу үшін пайдаланылуы мүмкін.

Бұған қоса, президент шамамен 5 млрд доллар болатын бұғатталған ресейлік активтерді кәмпескелеп, Украинаға бере алады. CBS News-дің жазуынша, Трамп та, Байден де бұл құқықты пайдаланбаған.

  • 2022 жылдан бері АҚШ Украинаға ондаған миллиард доллар әскери көмек берген. Бұған дейін Трамп бұл шығынды сынап, Украина мен Ресейді бейбіт келісімге келуге шақырған. Ол екеуін де алма кезек сынаған.
  • Кейінгі күндері Трамп Ресей президенті Владимир Путинді қатаң сынап келеді. 8 шілдеде кабинет отырысы кезінде Америка басшысы "шынына келсек, Путин бізді бос сөзбен алдарқатып келеді. Ол өзін өте әдепті ұстайды, бірақ мұнысы мағынасыз болып барады" деді. 10 шілдеде NBC арнасына берген сұхбатында Ресейден "қатты көңілі қалғанын" айтып, дүйсенбі, 14 шілдеде маңызды мәлімдеме жасайтынын айтқан.