8 шілде күні Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот (ХҚС) Ауғанстанда 2021 жылдан бері билікте отырған "Талибан" исламшыл қозғалысының екі жетекшісін тұтқындау туралы ордер берді. Оларға елдегі әйелдерді жынысына бола қудалағаны үшін адамзатқа қарсы қылмыстар жасаған деген айып тағылып отыр.
ХҚС "Талибанның" рухани көсемі әрі Ауғанстанды іс жүзінде басқарып отырған Хайбатулла Ахундзада мен тәліптер құрған Жоғарғы соттың төрағасы Абдулхаким Хакканиді қамауға алу жөнінде шешім шығарған. Сот шешімінде бұл екеуі "Талибан" енгізген қатаң ережелерді бұзды деген желеумен ауған әйелдері мен қыздарына және "Талибан" қойған талаптарға сай келмеді деп есептелетін басқа да адамдарға қарсы қылмыстар жасады деуге негіз бар екені айтылған.
Ахундзада мен Хакканиді тұтқындау жөнінде ордер беру жайлы өтінішті ХҚС прокуроры Карим Хан 2025 жылы қаңтарда тапсырған. "Талибан" 2021 жылы Ауғанстанда билікке қайта келгеннен кейін әйелдердің құқықтарын күрт шектеп, өз іс-әрекеттерін шариғат талаптарына сай деп түсіндірген. Адам құқықтарын қорғайтын ұйымдар, жергілікті тұрғындар, кей жағдайларда тіпті тәліптердің өздері де бұл ережелерді бұзған әйелдер қатаң жазаланатынын – соның ішінде адам өлтіру, азаптау, түрмеге қамау және жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық фактілері жайлы хабарлаған.
Ауғанстан формалды түрде Рим статутына қосылған ел болып саналатындықтан, ХҚС құқығы құзіреті оған жүре алады. Алайда ол келісімге Ауғанстанның бұрынғы үкіметі қол қойған, кейін билік "Талибан" қозғалысының қолына өткен. Прокурор Ханның мәлімдемесіне байланысты "Талибан" әзірге пікір білдірген жоқ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Филиппиннің экс-президенті Родриго Дутерте ХҚС пәрменімен ұсталдыБұған дейін ХҚС прокурордың ұсынысы бойынша басқа да мемлекет басшыларына, соның ішінде Ресей президенті Владимир Путин мен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды тұтқындау жөнінде ордер берген.
Бұл соттың жұмысына әлем елдерінің көпшілігі қатысады, бірақ кей мемлекеттер ХҚС шешімін мойындамайды әрі оның қызметін ашық сынға алады. Ондай елдердің қатарында АҚШ, Ресей, Қытай және Израиль бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ Халықаралық қылмыстық соттың прокурорын санкция тізіміне қосты2025 жылғы 3 шілдеде Ресей "Талибан" қозғалысы жариялаған Ауғанстан Ислам Әмірлігін ресми түрде мойындаған әлемдегі алғашқы мемлекет болды. Бұл шешімнің алдында Ресейде "Талибанға" қатысты бұрын қабылданған тыйымның күшін жойып, оны террористік ұйымдар тізімінен алып тастаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей "Талибан" жариялаған Ауғанстан Ислам Әмірлігін ресми түрде мойындады