Лондонда "Вагнер" тапсырысымен өрт қойған үш адам айыпты деп танылды

Лондонның Орталық қылмыстық соты

Лондонның Орталық қылмыстық соты 8 шілде күні Ұлыбритания астанасындағы Украинаға көмек жөнелтілетін қойманы өртеу ісі бойынша күдікті үш адамға айыпталушыны кінәлі деп таныды. Бұл шабуыл Ресейдің "Вагнер" жеке меншік әскери компаниясының тапсырысы бойынша жасалған. Reuters пен ВВС-дің Орыс қызметі осылай деп хабарлады.

Сот алқабилері 23 жастағы Джейким Роуз, 20 жастағы Агнис Асмена және 23 жастағы Нии Менсаны тікелей өрт қойғаны үшін кінәлі деп тапты. Тағы екі айыпталушы – Пол Инглиш пен Дмитриюс Паулаускас ақталды. Енді бір күдікті – Эштон Эванс – террорлық әрекет туралы ақпаратты жасырды деген бір айып бойынша кінәлі деп танылып, екінші айып бойынша ақталды. Айыпталғандардың барлығы – Ұлыбритания азаматтары.

Өртті ұйымдастырғандар – 21 жастағы Дилан Эрл мен 23 жастағы Джейком Ривз – бұған дейін кінәсін мойындап, ресейлік "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының тапсырысы бойынша әрекет жасағанын мәлімдеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Путин: "Вагнер" деген ұйым жоқ, бірақ оны Ресей бюджетінен қаржыландырған

2024 жылғы 20 наурызда Лондонның шығыс бөлігінде орналасқан, спутник байланысы арқылы интернетке жалғайтын "Старлинк" терминалдарын Украинаға жөнелтумен айналысқан қойма өртенген. Билік өкілдерінің бағалауынша, өрт салдарынан миллион фунт стерлингтің шығыны келген. Бұған қоса, сотта айтылғандай, Лондонда тұрып жатқан және Ресейдің Украинадағы соғысына қарсы шыққан кәсіпкер Евгений Чичваркинге тиесілі мейрамхана мен шарап дүкеніне өрт қоюды және Чичваркиннің өзін ұрлап әкетуді де жоспарлаған.

Тергеу нұсқасы бойынша, қылмысты тікелей орындаушылар жеке пайдасын көздеген болуы мүмкін, бірақ бұл қылмысты ұйымдастыруда "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының мүддесі болған. Бұған дейін Ұлыбритания билігі "Вагнерді" террористік ұйым деп таныған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясы "Вагнер" жеке әскери компаниясын террор ұйым деп таныды

BBC-дің жазуынша, топ жетекшісі Дилан Эрл – Ұлыбританияда шпионажға, диверсияға және шетелдік килігуге қарсы жаңадан қабылданған заң аясында сотқа тартылған алғашқы адам. Тергеу деректері бойынша, ол "Вагнер" өкілімен байланысқа шығып, соның нұсқауымен өрт қоюды ұйымдастырған.

Эрл мен Ривзге, сондай-ақ сейсенбі күні үкімі шығарылған тағы төрт адамға байланысты сот шешімі кейінірек жарияланбақ.

Ұлыбритания билігі Ресей мен онымен байланысты құрылымдарды ел ішінде де, шетелде де тыңшылық жасап, диверсия әрекеттерін ұйымдастырды деп бірнеше рет айыптаған. Ұлыбританияның ішкі барлау қызметінің басшысы бұған дейін ресейлік агенттер дүрбелең тудыруды көздейді деп мәлімдеген болатын.

Кремль бұл айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарып, Лондон кез келген жағымсыз оқиғалар үшін Мәскеуге орынсыз кінә артады деп уәж айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ақ үй "Вагнер" тобы "Хезболлаға" әуе қорғанысы жүйесін бермек болғаны туралы құпия деректі хабарлады