Украина президенті Владимир Зеленский жексенбідегі кезекті үндеуінде кейінгі аптада Ресей күштерінің Украина аумағына жасаған ауқымды шабуылдары туралы айтты. Оның сөзінше, апта ішінде Ресей армиясы Украина аумағын атқылауға 1800-ден астам дрон, 1200-ден астам басқарылатын авиация бомбасын және түрлі типтегі 83 зымыран қолданған.
"Ресей біздің қалаларымыз мен елді мекендерімізге қарсы террорды күшейтіп, халықты барынша қорқытуға тырысып жатыр", — деді Зеленский.
Ресейдің қарқынды шабуылдарына қарамастан, Украинаның әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері оған тойтарыс берген кезде тиімділігін көрсетіп келеді деді Зеленский. Ол әсіресе дрондарға тосқауыл қоятын құралдардың жұмысын ерекше атап айтты. Осы аптада солардың көмегімен Ресей қарулы күштері белсенді түрде пайдаланатын ирандық жүздеген "Шахед" дроны атып түсірілген.
Зеленскийдің сөзінше, "камикадзе-дрондар" — Ресей соғысты созуға пайдаланып отырған қару түрлерінің бірі. Бұл қауіп-қатерді залалсыздандыру — қарулы қақтығысты тоқтату мақсатын көздейтін дипломатиялық күш-жігерді жандандыруға қажет деді Украина президенті.