Reuters: Путин дегеніне жетпейінше соғысты жалғастыра бермек

Владимир Путин

Батыс елдері Мәскеудің соғысты тоқтату шарттарымен санасып, өзара қимыл бастамайынша Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы әскери қимылды жалғастыра бермек. Оған Америка президенті Дональд Трамптың "Мәскеуге қарсы санкцияны күшейтуге дайынбыз" деген сөзі де бөгет бола алмайды және Ресей әскері алға жылжып келе жатқандықтан Путиннің талаптары көбеюі мүмкін. Бұл жөнінде Кремльге жақын үш дереккөзге сүйенген Reuters жазды.

Агенттік дереккөзінің сөзінше, батыс елдерінің шектеу шараларына қарсы төтеп беруге Ресей экономикасы мен қарулы күштерінің шамасы жетеді.

14 шілдеде АҚШ президенті Дональд Трамп Владимир Путиннің атысты тоқтатудан бас тартқандығынан көңілі қалғандығын айтып, Украинаға қару-жарақ беретінін мәлімдеген. Арасында зенит-ракеталық "Пэтриот" кешені де бар. Трамп сонымен бірге егер 50 күн ішінде бейбітшілік туралы келісім жасалмаса, Мәскеуге қатаң санкция салатынын айтқан.

Reuters сөйлескен Кремльдің ұстанымына жақын үш ресейлік дереккөз батыс қанша қысым жасаса да, Путин соғысты тоқтатпайтынын айтты. Олардың сөзінше, Ресей әрі қарай да экономикалық соққыларға төтеп бере алады. Вашингтон тіпті Ресей мұнайын сатып алушыларға баж салығын салса да, Мәскеу оған шыдас береді.

"Путиннің пікірінше, ешкім онымен Украинада бейбітшілікті орнату шарттарының жай-жапсарын ден қойып талқыламаған. Сондықтан ол дегеніне жетпейінше келіссөзді жалғастыруға ниетті" деді дереккөздердің бірі.

  • 14 шілдеде Ақ үйдегі кабинетінде мәлімдеме жасаған Дональд Трамп егер Ресей 50 күн ішінде Украинадағы соғысты тоқтатуға келіспесе, Мәскеуге "өте қатаң санкция" салуға дайын екенін мәлімдеген.
  • Мәскеу Украинаның төрт облысынан украин күштерін әкетпейінше соғысты тоқтатпайтынын айтқан. Аталған төрт облысты Мәскеу "өз жері" деп санайды.