Тоқаев Трамптың Қазақстан тауарларына баж салығын салу жайлы хатына жауап жолдады

АҚШ президенті Дональд Трамп шетелден келетін тауар түрлеріне баж салығын салу туралы кестені көрсетіп тұр. Ақ үй, Вашингтон, 2 сәуір, 2025 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамптың Қазақстаннан АҚШ-қа импортталатын тауарларға баж салығын салу туралы хатына жауап жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

"Мемлекет басшысы Қазақстан Америка Құрама Штаттарының бұрыннан келе жатқан сенімді сауда әрі инвестициялық серіктесі ретінде әділ, түсінікті және өзара тиімді сауда байланыстарын дамытуға бейілділігін атап өтті. Қазақстан президенті сауда мәселелері бойынша рационалды шешім әзірлеу мақсатында еліміздің конструктивті диалогты жалғастыруға дайын екенін жеткізді", – деп жазылған ресми ақпаратта.

Тоқаев сауда проблемасына қатысты ортақ мәмілеге қол жеткізуге болатынына сенім білдірген, деп жазды Ақорданың баспасөз қызметі.

Осы аптада АҚШ президенті Дональд Трамп әлемнің ондаған еліне, соның ішінде Қазақстанға да хат жолдап, келесі айдан бастап жаңа тариф саясаты күшіне енетінін айтқан. Ол хатта 1 тамыздан бастап АҚШ-қа Қазақстаннан баратын барлық тауарларға 25% көлемінде тариф енгізілетіні айтылған. "Бұл бөлек секторлық тарифтерден тыс. Егер қандай да бір тауарлар басқа ел арқылы жеткізіліп, бұл тарифтен айналып өтуге тырысса, оларға да жоғары тариф салынады", – деп жазған АҚШ президенті.

Хатта Трамп Америка Құрама Штаттары Қазақстанмен жұмыс істеуді жалғастыруға ниетті деп жазған. Бұл тізімге Орталық Азиядан жалғыз Қазақстан енген.

Трамптың хатынан соң Қазақстан сауда және интеграция министрлігі елден АҚШ-қа экспортталатын өнімдердің басым бөлігіне, мәселен, мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа, тантал және титан сияқты шикізаттарға жаңа тариф салынбайды деп мәлімдеді. Министрлік дерегінше, шешім күшіне енген жағдайда АҚШ-қа экспорттың 4,5-5 пайызына ғана қосымша баж төленеді.

"Қазақстан үкіметі АҚШ әкімшілігіне өзара сауда шарттарын жақсарту жөніндегі нақты шаралар мен бастамаларды жолдады. Қазақстанның мақсаты – нарыққа қол жеткізу және сауда шарттары мәселелері бойынша келісілген шешімдер қабылдау. Қазіргі уақытта Америка тарабы Қазақстан ұсыныстарын қарастырып жатыр және келіссөздерді өткізу күні туралы хабарлайды", – деді Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі Тойгүл Жұбанисова Азаттыққа.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ Қазақстан экспортына 25% тариф енгізбек. Әсері қандай болады?