АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға Patriot әуе шабуылынан қорғаныс кешендері жеткізілетінін жариялады. Оның сөзінше, бұл кешендерге Еуропа одағы ақша төлемек. Мұндай ақпаратты Reuters агенттігі таратты.
Трамп Patriot зенит-зымыран кешендері Украинаға өзін-өзі қорғауға қажет деп мәлімдеген.
"Путиннің сөзі жақсы, бірақ сосын кешке бәрін бомбылайды", – деген ол Вашингтон маңындағы әскери базаға барған кезде журналистер алдында сөйлеген сөзінде. Алайда, ол Украинаға нақты неше кешен жіберілетінін айтпады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп Украинаға Patriot жүйесін беру мәселесін "қарап көру керегін" айттыӨткен аптада Трамп дүйсенбіде, яғни бүгін Украинадағы соғысқа байланысты "маңызды мәлімдеме" жасайтынын айтқан еді. Axios агенттігінің хабарлауынша, АҚШ президенті Киевке жаңа, ауқымды қару-жарақ жеткізуді жарияламақ. Оның ішінде алыс қашықтағы нысаналарды атуға арналған зымырандар да бар.
Басылым дереккөздерінің мәліметінше, жаңа әскери көмек пакеті аясында Киевке Ресейдің ішкі өңірлеріне, соның ішінде Мәскеуге дейін жете алатын зымырандар да беріліп қалуы мүмкін. Алайда бұл ақпаратты әзірге ешкім ресми түрде растаған жоқ.
- 14 шілдеге қараған түні Ресей Украинаға 136 дронмен шабуыл жасады деп хабарлады Украина армиясы, олардың 28-і көздеген нысанаға жеткен. Дрондарға қоса, Ресей күштері бұл шабуылда бірнеше зымыран қолданған.