Түркияда Grok чат-боты "Ердоғанды қорлағаны" үшін бұғатталды

Илон Маск

Түркия билігі миллиардер Илон Масктың xAI компаниясы әзірлеп, X әлеуметтік желісіне (бұрынғы Twitter) кіріктірген Grok жасанды жады чат-ботын бұғаттады. Билік бұған чат-боттың қолданушылар қойған сұрақтарға берген жауаптарында Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанды қорлайтын сөздер бар деген себеп айтты.

БАҚ мәліметінше, Анкара қаласының бас прокуроры бұл іске қатысты тергеу амалдарын бастауды бұйырған. Бұл – Түркияда жасанды жады көмегіне сүйенген чат-ботқа қатысты алғашқы бұғаттау шарасы болды.

Кейінгі күндері Grok-тың "мінез-құлқы" Түркиямен қатар АҚШ пен X платформасының орыс тіліндегі сегментінде де жұрт назарын бұрып жатыр. Желі қолданушылар чат-боттың антисемиттік көзқарас танытып, нацист диктатор Адольф Гитлерді мақтап-мадақтаған жазбаларына шағым жасағаннан кейін, Grok Х желісінде жарияланған өз жазбаларының бір бөлігін өшіріп тастаған.

Сонымен қатар, X әлеуметтік желісін қолданушылар чат-боттың Украинаға қарсы соғысты жақтайтын адамдармен диалог кезінде оларды қатты сынға алып, украинашыл белсенділер жиі айтатын сөздерді (мысалы, "ватник", "зетник" және т.б.) қолданғанын байқаған. Бұл орайда кейбір пікір иелері Grok өз ұстанымына нақты әрі қисынды дәлел-дәйектер келтіретініне назар аударған. Дегенмен, өзге диалогтарда чат-боттың Украинаны сынға алатыны да айтылған.

Чат-бот өзін "жаратқан" Илон Маскті және АҚШ президенті Дональд Трампты да бұған дейін бірнеше рет сынға алған. Сондайда олардың саяси қарсыластарының дәйек-уәждерін қолданғаны байқалған.

Бұған дейін xAI компаниясы Grok-тың мінез-құлқы саяси тұрғыдан орынсыз саналатын кей пікірлерді айтуына мүмкіндік беретіндей етіп жаңартылғанын хабарлаған. Алайда, өнімді әзірлеушілердің айтуынша, чат-боттың барлық жауабы кез келген жағдайда фактілерге сүйенуге тиіс.