Түрмеде қарақалпақ белсендісі Дәулетмұрат Тәжімұратовқа қоқан-лоқы жасаған тұтқындар бөлек жерге көшірілген

Қарақалпақ белсендісі Дәулетмұрат Тәжімұратов сот залында тұр. Өзбекстан, 5 шілде, 2023 жыл.

"Өзбекстанның конституциялық құрылымын құлатуға талпынды", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" және "билікті басып алмақ болып сөз байласты" деген айыптармен 16 жылға түрмеге қамалған қарақалпақ белсендісі Дәулетмұрат Тәжімұратовтың өміріне қауіп төндірген тұтқындар басқа жерге ауыстырылды. Мұны "Азаттық Азия" редакциясына белсендінің бауыры Ренат Тәжімұратов хабарлады.

"Бұл жөнінде анамызға колония басшысы, яғни бауырым отырған мекеменің бастығы айтыпты. Кейін мұны Дәулетмураттың өзі адвокатына растаған. Бұл — біз үшін зор қуаныш. Өйткені сол тұтқындар бауырымды үнемі ұрып-соғып, қорлық көрсететін. Олар онымен бір бөлмеде тұрып, бір цехта жұмыс істейтін. Біз оның өміріне алаңдадық. Енді біз оның құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері жазасын өтейтін колонияға ауыстырылғанын қалаймыз. Өйткені бұрын ол сотталғандарды бейімдеу орталығында жұмыс істеген, адвокат та болған. Түрмедегі адамдармен тікелей байланыста болған. Сондықтан бауырымның әдеттегі колонияда отыруы — өміріне қауіпті", — деді Ренат Тәжімұратов.

Халықаралық ұйымдардың дабылы

Биыл шілде айында Халықаралық адам құқықтары бойынша серіктестік (IPHR) пен "Орталық Азиядағы адам құқықтары" қауымдастығы (AHRCA) бірлескен мәлімдеме жасап, қамауда отырған Дәулетмұрат Тәжімұратовтың тағдырына қатты алаңдайтынын айтқан.

"Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, түрмеде жазасын өтеп жатқан оны [Дәулетмұрат Тәжімұратов – ред.] түрме қызметкерлері мен өзге тұтқындар үнемі соққыға жығып, тіл тигізіп, басқадай да азаптаған. 2025 жылы наурызда оның адвокаты көпшілік алдында Тәжімұратовтың денсаулық жағдайы мен оған түрмедегі қарым-қатынас жайлы мәлімдеме жасады. 2025 жылы мамырда оны тағы да азаптағаны туралы жаңа хабарлар тарады", — делінген халықаралық ұйымдардың есебінде.

Биыл мамыр айында адвокат Сергей Майоров үндеу жариялап, Тәжімұратов түрмеде сапқа тұру кезінде Өзбекстанның әнұранын айтудан бас тартқаны үшін соққыға жығылған деп хабарлады.

"Соңғы рет оны есінен танғанша ұрып-соққан. Кейін оны түрменің медицина бөлімшесіне жатқызған", — деді сол жолы адвокат.

Түрме аумағынан шығарылмайтын шағымдар

Туыстары мен адвокаты бірнеше рет өтініш жасағанымен, Дәулетмұрат Тәжімұратов жазасын өтеп жатқан Науаи қаласындағы колония әкімшілігі белсендінің денсаулығы нашарлағанына қарамастан, оны жеңіл жұмысқа ауыстырудан бас тартып отыр, деді Ренат Тәжімұратов.

Бұған дейін "Азаттық Азия" Тәжімұратовтың қорғаныш киімінсіз және арнаулы жабдықтарсыз әк шығаратын цехта жұмыс істеп жүргені жайлы хабарлаған.

"Бауырым әлі де әк өндіретін цехта жұмыс істеп жатыр. Бұл оның денсаулығын құртатын жұмыс. Бірақ колония әкімшілігі оны жеңіл жұмысқа ауыстырмайды. Оны қойып, оның жоғары тұрған мекемелерге жазған хаттары мен арыздарын бәз-баяғыдай колониядан сыртқа шығармайды", — деді Ренат Тәжімұратов "Азаттық Азия" тілшісіне.

Қарақалпақстандағы 2022 жылғы наразылықтар және сот үкімі

2022 жылғы 1-2 шілде күндері Қарақалпақстанда мыңдаған адам көшеге шығып, ресми Тәшкент енгізбек болған өзгерістер жобасында Өзбекстан Конституциясына Қарақалпақстанның Өзбекстан құрамынан референдум жолымен бөлініп шығу құқығы алынып тасталғанына наразылық білдірген еді. Өзбекстанның күштік құрылымдары бейбіт шеруге шыққан наразы халықты күшпен таратты: кей дерек бойынша, 21 адам қаза тауып, 200-ден астам адам жараланған. Қанды оқиғалардан кейін Тәшкент Конституцияға даулы өзгерістерді енгізуден бас тартқанымен, қарақалпақ белсенділерін ел ішінде де, шетелде де қудалауды бастаған.

Қарақалпақ тілінде шығатын "Ел қызметінде" газетінің бұрынғы бас редакторы Дәулетмұрат Тәжімұратов — 2022 жылы шілдеде Конституцияға енгізілмек болған түзетулерге қарсы Қарақалпақстандағы наразылық қозғалысының жетекшілерінің бірі.

2023 жылы қаңтарда Өзбекстан соты Дәулетмұрат Тәжімұратовты "конституциялық құрылымды құлатуға талпыну", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" және "билікті басып алу мақсатында сөз байласу" баптары бойынша айыпты деп танып, 16 жылға бас еркіндігінен айырды.

Түрмеде отырған Дәулетмұрат Тәжімұратовтың азаптауға ұшырағаны туралы мәлімдемелерін, сондай-ақ халықаралық құқық қорғау ұйымдарының оны дереу қамаудан босатуға үндеген талаптарын Өзбекстан билігі елеусіз қалдырған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Нөкіс оқиғасына үш жыл толды: халықаралық ұйымдар Ташкентке тағы үндеу тастады
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Адвокат қарақалпақ белсендісі Дәулетмұрат Тәжімұратов түрмеде ауыр соққыға жығылғанын хабарлады
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Шетке кетсе де қуғыннан құтылмады". Қарақалпақ белсенділерінің шырғалаңы